Өткен аптада Алматыда
посткеңестік кеңістіктегі интернеттің даму проблемаларына арналған алғашқы
«Интернет-Альтернатива 2008» Халықаралық конференциясы өз жұмысын тәмамдады.
Оған Қазақстан, Ресей мен Қырғызстанның ақпараттық компанияларының, жарнама
және маркетингтік агенттіктерінің өкілдері қатысып, мемлекеттік құрылымдар,
коммерциялық емес ұйымдар мен бизнес арасындағы сындарлы сұхбат орнату
мәселелерін талқыға салды. Ұйымдастырушылардың пікірінше, Қазақстанда және өзге
де посткеңестік елдерде интернет коммуникация және ақпарат жеткізу құралы
ретінде ғана қарастырылып келеді. Ал, шынтуайтында ол жедел дамып отырған
әлеуметтік-экономикалық феномен болып табылады. Бүгінде интернет мемлекеттік
органдардың, кәсіпкерлік құрылымдар мен жұртшылықтың арасындағы дәнекер
іспетті, деп атап өтті «Мемлекет және
интернет» секциясында алғашқылардың бірі болып сөз алған Қазақстан Республикасы
Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының орынбасары Асқар Бишиғаев.
Интернетті өмірге кеңінен енгізудің аса маңызды қырларының қатарында А.Бишиғаев
қазақ тілін дамыту мәселесін атап өтті. Мемлекеттік тіл басымдығының
әлеуметтік-мәдени маңызы бар, деді шешен.
Сондай-ақ «Интернеттегі соңғы технологиялар», «Интернет тұтынуға
мүмкіндік беретін технологиялар», «БАҚ және әлеуметтік желілер»,
«Медиа-өлшем», «Интернеттегі жарнама» секцияларында ақпараттық технологияларға
қатысты қызғылықты деректер келтірілді. Ал, «Интернеттегі қазақ тілі» тақырыбы
бойынша баяндамалар мен жарыссөздің қатысушылардың зор ынтасын аударғанын атап
өту қажет. «Начнем с понедельника» республикалық апталығының бас
директоры жазушы Дидар Амантай жүргізген бұл секцияда Халықаралық ақпараттандыру
«академиясының толық мүшесі, софтверлік компаниялар республикалық
Ассоциациясының президенті Еркін Сүлейменов «Мемлекеттік тіл порталы»,
республикалық «Жас қазақ» газетінің жауапты хатшысы Асхат Еркімбай «Қазақ
тіліндегі блогтар» тақырыбына баяндамалар жасады. Конференцияда еліміздегі
халық саны 15 620 615 адам
екендігі, оның 1 869 000-ы интернетті пайдаланатыны, бұл әлемдегі 220
елдің ішіндегі 76 орынға сәйкес келетіндігі, соңғы жылдары қазақ тілді
интернеттің дамып келе жатқандығы атап өтілді.