Компьютер-«ұстаз», емтихан қабылда!

Кибернетиканың атасы Норберт Винер армандаған роботтар дәуірі басталған сияқты. Бүгінде компьютер шытырман есептерді шемішкеше шағып қана қоймай, ұстаздық сияқты аса жауапты іске де араласып кетті. Бұл ғажайып құбылыс біздің елімізде де ақиқатқа айналды. Компьютер-тіл үйретеді! Мемлекеттік тілді оқытудың жаңа әдістемелері мен құралдарын әзірлеу, соның ішінде компьютерлік технологияларды қолдана отырып әзірлеу бағдарламасы ауқымында Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің тапсырысы бойынша қазақ тілін оқытудың бірқатар компьютерлік бағдарламалары жасалды. Мұны ақпараттық «Бимаш» компаниясы жүзеге асырды. «Сөз-Ана» деп аталған мәтін оқу негізінде қазақ тілін үйрету жүйесі осы бағдарламалардың ішіндегі алғашқы қарлығаш болып табылады. Аталған бағдарламалық өнімнің негізіне алынған әдістеме түрлі әдебиет оқуды негізгі әрі тиімді әдіс санайтын Генрих Шлиман, Илья Франк сияқты белгілі әдістемешілер мен тілмарлар тәжірибесінің түйіні іспетті. Алайда бұл әдістің өзіндік қиыншылықтары да бар, мәселен, «кітаби» оқуды жаңадан бастаған үйренуші шәкірт сөздіктерге, грамматикалық анықтамалықтарға ұдайы жүгінеді, мұның өзі көп уақыт пен қуат жұмсауды талап етеді. Қатарлас мәтіндерді оқуды, немесе түпнұсқа мен тәржіманы бір мезетте оқуды алатын болсақ, жекелеген сөздер мен олардың грамматикалық формаларына назар аударуға мүмкіндік туындай бермейтін.

Алайда, бұл әдістің басты артықшылығы-мәтінге бойлау мен үйренуге деген ынта-ықыласта жатыр. Әдеби мәтінді оқу шығарма әлеміне сүңгуге, кейіпкерлермен бірге ойланып-толғануға,  қайғырып-қуануға мәжбүр етеді, сонда ғана жаңа лұғат, жаңа сөздер сіздің санаңызда және көкейіңізде шығармадағы немесе хикаядағы көңіл-күй, оқиға, сюжет желілері арқылы орнығып қалады.

Ынта-ықыласқа келетін болсақ, бұл жерде ол бедерлене көрініп тұр – кез-келген шығармада шым-шытырық, құйтырқы сюжеттер болады, қиын түйінің шешілуі де қызық-мұның өзі оқырманды кітапты бастан-аяқ оқып шығуға итермелейді.

«Сөз-ана» жүйесінде мәтінді оқу жаңадан үйренушілерге арналған контекстік сөздікпен, белгілі бір сөз бен сөз тіркесіне, грамматикалық материалға  қатысты мысалдар келтірілген үлкен электрондық сөздікпен қатарласа жүргізіледі. Сонымен қатар жүйеде жалпы грамматикалық анықтамалық бар. Сөйтіп, электрондық жүйе үйренушіге мәтінді түсінуге қажетті барлық деректерді береді. Егер сөздіктер мен грамматикалық анықтамалықтар мәтіннің қайсыбір бөлігін аударуға жарамай жатса, мұндайда оның сөзбе-сөз  аудармасы беріледі.

Жүйеде бекітілген мәтіндер бар, олар- әндердің мәтіндері, анекдоттар, негізінен алғанда күлдіргі сипаттағы қысқа әңгімелер. Мәтіндерді осылайша таңдау тіл  құралдары әлемінде жуырда болған сенсацияға туындап отыр: қызықты әңгімелер, әндер мен түрлі  күлдіргі оқиғалар негізінде жасалған ағылшын тілінің оқулығы таралым жағынан Библияны, Мао туындыларын және «Да Винчи кодын» басып озды.

Сондай-ақ қазақ мәтінін толық қабылдау үшін мәтіндердің бекітілген жиынтығы олардың дыбыстандырылған нұсқасымен қосарласып отырды.

Тілді меңгеріп қалған үйренушілер үшін қосымша «Сөз-Ана Сөздік» электронды сөздігі қарастырылған, оның көмегімен «Сөз-Ана» жүйесінен тыс таңдалған мәтіндерді, мәселен Интернеттен немесе мәтіндік редактордан алып оқуға болады. Сөздікте қазақ тілінде 60 мыңдай, орыс тілінде 60 мыңдай сөздіктік мақалалар бар, мұның сөздерді мәтіндегі сөз түріне қарамай іздестіру, сөздерді мәтіннен тікелей сөздікке ауыстыру функциясы бар.

«Сөз-Ана» жүйесі қазақ тілін оқи бастағандарға , сондай-ақ өз білімін жетілдіріп, сөздік қорын толықтырғысы, әдеби және басқа мәтіндерді түпнұсқада оқығысы келетіндерге арналған. «Бимаш» компаниясы Тіл комитетінің тапсырысы бойынша жасаған келесі жүйе сөздік қорын толықтыруға мүмкіндік беретін офистік ойын бағдарламаларының жиынтығы болып табылады. Аталған әдістемелік көзқарас компьютер алдында ұзақ отыратын, біршама уақытын  пасьянс, логикалық квадарттар, тетрис сияқты офистік ойындарды ойнаумен өткізетін мектеп оқушыларынан бастап офис қызметкерлеріне дейінгі пайдаланушыларға арналған. Аталған жүйеде осындай «сағыздай созылатын ойындар» қазақ сөздерінің аудармаларын жаттау мүмкіндігімен біріктірілді. Бұл ойындарды сондай-ақ  бүлдіршіндерді оқыту үшін де пайдалануға болады.

Сөз соңында айта кететін бір жәйт-компьютер-«ұстаз» емтиханды да өзі қабылдайды, оның әділдігіне әлі ешкім шәк келтірген жоқ.

 

 

Совет Дүйсебаев,

тіл маманы

 

«Экономика» газеті, №26 (42), Шілденің 4-і, 2008жыл



Центральный офис (г. Астана)
8(7172) 787 091;
8(7172) 787 092.

Филиал (г. Алматы)
8(7272) 278 10 93;
8(7272) 278 10 94;
8(7272) 279 98 69.



Developed by iNiT | Powered by ColoriT