МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТЕК ҚАЗАҚ ҰЛТЫНЫҢ ТІЛІ ДЕГЕН ПІКІРДЕН АРЫЛУЫМЫЗ КЕРЕК

Ерден ҚАЖЫБЕК:

 

Мемлекеттік тіл тек қазақ ұлтының тілі деген пікірден арылуымыз керек

 

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан, Қытай, Түркия, АҚШ, Голландия, Ресей, Венгрия, Кипр сияқты елдердің бірқатар академиялары мен ғылыми орталықтарының мүшесі Ерден Қажыбек мемлекеттік тілге, оның қолданыс аясын кеңейтуге, осы тұрғыда атқарылып жатқан шараларға қатысты “Егемен Қазақстан” газетінің сұрақтарына жауап берген еді. Төменде сол сұхбатты назарға ұсынып отырмыз.

 

– Құрметті Ерден Задаұлы! Қыркүйек айы Қазақстан халықтары тілдерінің мерекесі, тілдер фестивалі аясында өтті. Осыған орай, “Үздік аудармашы”, “Мемлекеттік тіл – менің тілім”, “Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шебе­р­лерінің байқауы” және республикалық ақындар айтысы сәтті өтіп, соңы есте қа­ларлықтай, әдемі гала-концертпен аяқ­тал­ды. Сіздің ойыңызша, биыл­ғы жыл өткен жылдармен салыстырғанда несімен ерекшеленді?

 

– Көптеген бұқаралық ақпарат құрал­дары хабардар еткендей, фестивальдің ашылу салтанатын біз қазақ халқының бірлігі мен ын­ты­ма­ғының символы – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би баба­лары­мыздың ескерт­кі­шіне гүл шоқтарын қоюдан бастап, Президенттік мә­де­ниет орталығында думанды гала-концертпен аяқтадық. Айта кетер бір жәйт, Астанада өткен бұл фестиваль республикамыздың аудандары мен қалаларында, облыс орта­лықтарында жыл бойы атқарылған ауқым­ды жұмыс­тар­дың қорытындысы деуге болады. Мә­се­лен, Астана қалалық тілдерді дамыту жө­ніндегі басқармасы мәреге бір ай бұрын жетіп, фестивальге дейін елорда­мызда осы мерекеге арналған түрлі шара­лар өткізді. Осылайша Астана Қазақстан­да­ғы тіл мерекесінің ақтық нүктесін қойды.

Бұл жылдың ерекшелігіне келсек, мем­лекеттік тілді меңгеруге деген халық ара­сын­да, әсіресе өзге ұлт өкілдері қызығу­шы­­лығының анағұрлым арта түсуі дер едім. Тіпті, осы республикалық байқау­лар­дың өзінде қазылар алқасы құрамында мем­лекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері де болды. Сондай-ақ фестиваль­дің бұл жолғы жаңашылдығы – айтыстың өткізілуі. Біз ана тіліміздің құрметіне арнайы республикалық ақындар айтысын өткізуді дәстүрге айналдырмақпыз.

 

– Ал енді мереке өтті делік, күнделікті жұмыс жалғасуда. Сіздіңше, тіл саясатын насихаттауда біз кейінгі біршама уақытта сахна көрінісіндегідей сыртын бояумен, “құлағалы тұрған үйдің бұрышын” бе­зендірумен әуестеніп, көптеген кеңестер, шаралар мен семинарлар, конкурстар өткізіп, мәселенің түпкі мәнін, яғни заң шығарушылық, талдамалық жұмыстарды естен шығарып алған жоқпыз ба?

 

– Біз қазіргі уақытта қолданыстағы жоспарлар мен бағдарламаларды өмірдің шы­найы қажеттіліктеріне барынша бейім­деуді алдымызға мақсат етіп қойдық. Бұл Ермұхамет Ертісбаев басқаратын Мәде­ниет және ақпарат министрлігіндегі ортақ ұстаным деуге болады. Тіл саласында шешілмеген мәселелер баршылық. Алай­да, оларды жүйелі, кешенді түрде іске асыру қажеттігін ескерген жөн.

Еліміздегі тілдік ахуалды сараптауға Еуро­падағы Қауіпсіздік пен ынтымақ­тастық ұйымы сияқты беделді ортадан, басқа да шетелдің жетекші мамандарын қатыстыра отырып, үлкен кешенді іске кірісуді көздеп отырмыз. Әрине, жаңа шешімге келу үшін шынайы үрдістер мен уақыт талабын ескеріп, қоғамдық пікір үде­сінен шығатындай жағдайға жетуіміз абзал. Алдағы 2-3 айда нақты ұсыныстар мен бірнеше тиімді талдамалық зерттеу жобаларын іске асыруды ойластырудамыз. Бұл тұжырымдамалар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, мем­лекеттік органдардың Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығымен стратегиялық ықпалдастығын арттыруға, тіл саяса­тын­да­ғы көрнекі ақпарат жағдайына сарап­тама жасауға, тіл арқылы қазақстандық біртектілікті қалыптастыруға, тіл үйренудің тиімді әдістемесін жасау мен тіл білу деңгейін бағалауға бағытталған.

 

– Ал заңшығарушылық қызмет туралы не айтасыз?

 

– Жоғарыда аталған ауқымды құжат­тар сияқты жобалардың бірі Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылатын жұмыс, бұл – тілді білу деңгейін бағалаудың бірыңғай жүйесі. Осы жүйені жасағаннан соң ғана нақты бір лауазым, не мамандық пен кәсіп иесінің тіл білімі деңгейі қандай болуы керектігін айқындайтын біліктілік ережесін заңды түрде бекітетін боламыз. Жоба республи­ка­мыздағы бірнеше облыста сынақтан өткен соң біз Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігімен бірге қол­да­ныстағы заңға толықтырулар енгізуді келесі жылға жоспарлап отырмыз. Сон­дай-ақ тіл саласындағы жекелеген құжаттардың құқықтық күшін арттыру үшін біз бірнеше заңға тәуелді актілер дайындап, тиісті министрліктер деңгейінде бекітуді қолға алу үстіндеміз.

 

– Мемлекеттік тіл туралы заң жөнінде әрқилы пікірлер айтылады…

 

– Мамыр айында Қазақстан Респуб­ли­касының Мемлекеттік хатшысы Орал­бай Әбдікәрімовтің төрағалығымен өткен “дөңгелек үстелде” мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қажеттігі жөнінде мәселе көтерілген. Біраз уақыттан соң Қазақстан халықтары Ассамблеясы мен “Қазақ тілі” қоғамы бірлесіп, Елбасына осы мәселені қолдау жөнінде өтініш білдірген. Бұл ұсынысқа байланысты Конституциямызда мемлекеттік тіл арнайы заңмен бекітілуі керектігін тілге тиек етіп, заңгер-ғалымдар М.Нәрікбаев пен М.Азбанбаев та пікір­лерін білдірген. Тоқ етерін айтсақ, Елба­сы­ның өзі де “Ана тілі” газетіне берген сұх­батында осыған ерекше көңіл бөліп, қажеттілігіне қарай, тиісті заңнамаларды сәйкестендіру керек деп айтқаны бар емес пе?

Ал енді біздің ұстанымымыз елдің бәрі­не түсінікті және анық – бізге көп­ұлт­ты ел арасында сәл де болса ыңғай­сыз­дық тудыратын заң емес, керісінше, бүкіл елді біріктіріп, жұмылдыра алатын заң керек. Біз осы бағытта біршама жұмыс атқарудамыз.

 

– Дегенмен, мемлекеттік тілге көшу жедел жүргізілмегені халық арасында алаңдаушылық сезімін қалыптастырып отыр емес пе?

 

– Өзіңіз де байқаған боларсыз, бәзбі­реу­лер айтып жүргендей, мемлекеттік тілге көшу­дің қарқыны туралы әңгіме жиі-жиі қозғалады. Оған бірден жауап беруге болады. Ойланып көріңіз, дүние жүзінің қай елінде өзінің мемлекеттік тіліне көшуді кезең-кезеңге бөліп, қаншама уақытқа дейін созбақтап, істің бәріне абайлаушылықпен қарап, осындай жағдайдың барлығы ескерілу­де? Тіл туралы заңның қабылданғанына, міне, 17 жылдан асты. Сонда біз тілімізді қар­қынды түрде дамытып жатқанымыздың түрі осы ма? Сырттан келгендер бұған сенбесе де, бұл шындықтың біз үшін ұяттау екені рас. Осыған байланысты тағы бір мәсе­ленің туындап отырғанын ескеруіміз қажет: мемлекеттік тілде іс жүргізудің сапасы, өкі­ніш­ке орай, әлі де жетілдіруді талап етеді. Бір­қатар облыстар, тіпті орталық атқарушы органдар болсын, бұл іске көзбояушылықпен кіріскені жасырын емес. Өйткені, олар өздерінде аударма бөлімдерін ашып қойып, қазақшаға аударсақ “іс бітті” деңгейінде жұ­мыс атқаруда. Шындығын айтсақ, орысша­сы­ның соңында қоса ілесіп жүрген құжат­тар­дың қазақша мәтініне ешкім қарап, оқы­май­ды да, іс жүзінде пайдаланбайды да. Алайда, мұндай жағдай ұзаққа бармас дер едім.

Елбасы “Ана тілі” газетіне берген бағдар­ламалық сұхбатында осыны қатаң ескертті. Ондағы “барлық қатынас қағаздары ана тілі­мізде жүргізіледі. Сол кезде тек аудармашы­лар­дың қызметіне иек сүйеп отырған кейбір жауапты қызметкерлер “қолымды мезгілінен кеш сермедім” деп өкініп қалып жүрмесін. Бұл­ғақ заманы бітеді де, нақты да қатал сұраныс туады”, деген Н.Ә.Назарбаевтың тұжырымын есте ұстаған абзал.

Ал енді тіл үйрену мәселесін қозғасақ, елдің алаңдайтын тағы да бір себебі бар. Ол тиімді әдістемелер, оқулықтар мен қажетті оқу құралдарының тапшылығы, білікті маман-оқытушылардың жетіспеушілігі.

Бұл арада мен Тіл комитетінің төрағасы ретінде өз құзыретімдегі міндеттерімді қалай жүзеге асыруым қажет? Осы ретте кез келген тұтынушы мемлекет тілін білмегені үшін қысылуға тиіс пе? Жоқ, олай емес. Керісін­ше, біз бәрінен бұрын тек қана сол тұтыну­шыға мемлекеттік тілді үйренуі үшін жан-жақты және толық білім беру қызметтерін қам­тамасыз етуге міндетті мемлекеттік орган­дардың алдына талап қойып, сұранысты кү­шейтуіміз керек. Сонда ғана олар мәжбүрлі, ыңғайсыз жағдайға қалмайтындай қызмет атқарады. Міне, біздің ұстанымымыз осы.

 

– Мұндай нәтижеге қалай қол жеткізуге болады? Шындығында, сіздер жеке министр­ліктің бар болғаны бір құрылымы ғана болып отырсыздар емес пе?

 

– Біріншіден, Үкіметтің арнайы қау­лы­сына сәйкес Тіл комитеті мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі уәкілетті орган болып табыламыз. Комитет қабылдаған шешімдерді республикамыздың барлық аумақтарында кез келген мекеме орындауға міндетті. Сонымен бірге, біздің қолымызда үлкен мүмкіндік бар екенін де айта кеткенді жөн көріп отырмын. Біз мемлекеттік ор­ган­дарда тіл заңнамаларының орындалуына бай­ланысты жоспарлы түрде тексеру жүргізуді Бас прокуратурамен бірлесе атқарудамыз. Осының өзі-ақ ісімізді алға бастыруға кепілдік бере алады деп сендіремін.

Тіл туралы заңнамалардың орындалуы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында тұрғанын да айтқым келеді. Сол себепті қазіргі уақытта бұл мәселенің маңыздылығы артып отырғанын ескерген жөн.

 

– Республикамызда ресми түрде қостіл­ділік бекітілген дейтіндер баршылық. Осы қостілділік ұғымын қалай түсіндірер едіңіз?

 

– Бұл арада сізбен келісу қиын. Ресми түрде бекітілген қостілділік жоқ, себебі Конс­титуциямызда “мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қол­да­нылады” делінген. Байқасаңыздар, өзгермейтін тұжырымға ұқсамайды.

Енді лингвистикалық тұрғысынан алсақ, қостілділік дегеніміз не? Кейбір азамат­тардың ойынша, қостілділік – бұл кез келген адамның бір уақытта екі тілде сөйлеуі, яғни олар қосарлана және бір мезетте екі тілді пайдалану деп түсінеді. Әрине, қате ұғым екені көрініп тұр. Осы салада біраз тәжірибе жинақтаған кәсіпқой лингвист ретінде айта­рым, қостілділік дегеніміз – терең функ­цио­налдық ұғым. Мәселен, қандай да бір азамат­қа өзінің тікелей міндетін орындау үшін немесе оның күнделікті жұмысының қажет­тілігіне байланысты өзінің ана тілінен басқа екінші тілді білу үшін, айталық, 100 сөз қа­жет екен. Егер ол осы 100 шақты сөзді біліп, қолдана алатын болса, оны қостілді деп ай­туға болады. Осы арада біздің жағдайымызда қалай? Егер еліміздің өз азаматы немесе басқа елден келген адам мемлекеттік тілді жеткілікті дәрежеде білмей, қарым-қатынасы тек орыс тілінде болса, онда оны қабыл­дай­тын мемлекеттік қызметші ресми тілді өзінің қызметтік міндетіне сай деңгейде білуге тиісті.

Мемлекеттік тілге келер болсақ, оның жөні бөлек. Ол елдің басты рәміздерінің бірі. Бұл – азаматтық біртектілік, патриотизм, мәдени тұтастық секілді ұғымдармен тығыз байланысты мемлекеттік маңызы бар қағи­дат­ты мәселе. Тіпті бүкіл аймақтың, елдің ұлттық қауіпсіздігін, әлеуметтік тұрақтылығы мен зияткерлік дамуын айқындайтын көр­сет­кіш. Мемлекеттік тіл – бұл мемлекеттің бас­ты бет-пердесі, оның туы, елтаңбасы, ән­ұра­ны сияқты рәмізі. Ол ел азаматтарының ба­сын біріктіретін бірлік пен ынтымақ­тас­тықтың факторы болып қала береді.

 

– Қазақ терминологиясының жағдайы қалай, әсіресе, тілге тиек болып жүрген мемлекеттік тілдегі аудармалардың сапасы қандай дәрежеде дер едіңіз?

 

– Бұл өте маңызды да күрделі мәселе екендігі белгілі. Мәтіндердің сәйкестілігі, терминдердің дәлдігіне қатты көңіл бөлінуде. Егер де тіл күнделікті тіршілігімізде, қызмет бабында белсенді қолданылмаса, онда үнемі аудармаға иек сүйеп, осы тілде орындалатын құжаттардың сапасына мән бермей жүре беретін түріміз бар. Кейде қазақ тіліндегі белгілі бір ресми құжатты оқып отырып, қолыңызда оның орыс тіліндегі түпнұсқасы болмаса, ондағы жазылғанның мәнісін қабылдау қиынға соғады. Бұл — дабыл қағарлықтай жағдай. Осыған орай, мемлекеттік тілдің терминологиялық және іскерлік лексика саласындағы дамуының өте төмен дәрежеде екендігі туралы ой келеді, бұл туралы айтылып, жария етіліп жүрген пікірлер де аз емес. Мұның басты себебі тіліміздің кедейлігінде емес. Керісінше – тіліміздің байлығында екенін де ескеру керек. Бұл парадокс десек те болады. Өйткені, тіліміздегі синонимдер мен тіркестердің, жалпы сөз қорының ауқымдылығы осыған әкеліп отыр. Терминологиялық лексика­мыздың өзі қолданыстағы нормативтік сөздіктер көлемінен әлдеқайда асып түседі.

Әрбір термин қысқа да нақты семанти­касы­мен ерекшеленуі керек. Қозғалып отыр­ған мәселелер Қазақстан Республикасы Үкі­метінің жанындағы Мемлекеттік термино­логия комиссиясының жұмысына қатысты. Комиссияның мемлекеттік маңызы бар жұмыстарын қайта жаңғырта отырып, мұның құрамында терминологиялық секциялардың жұмысын жандандыру қажет. Әрбір жаңа сөздің сапалы шығуына тиісті саланың ма­ман­дары жауапты болып, сондай-ақ тер­миндерді өткізудің кезеңдік ресімі бекітілуі қажет. Сонда ғана бір жүйелілікке келіп, бұл саланың ғылыми негіздерін күшейте аламыз. Осыған орай нақты ұсыныстар әзірленуде.

 

– Осы мәселелер ономастика комиссия­сының жұмысына да қатысты болар. Соңғы біршама жылдары атқарушы органдар көшелер мен елді мекендерді, неше түрлі әмбебап дүкендер немесе мекемелерді атау үдерісін бақылаудан тыс қалдырып, әлсіретіп алған сияқты. Бұл туралы не дер едіңіз?

 

– Әрине, ойландыратын жағдай. Прези­денттің бұл мәселелерге де мән беріп, кейбір жағдайларға байланысты қатаң ескерткенін де білесіздер.

Бұл неліктен? Әрине, біз өз ата-баба­лары­мызды құрметтеп, тарихымыз бен дәстүрле­рімізді ұмытпай, тіліміз бен мәдениетіміздің дамуына ерекше мән беруге міндеттіміз. Мұны түсінеміз.

Бірақ, жеке бір аймақта, мейлі ол облыс пен қала, аудан мен ауыл бола ма, бұл жұмыстарға науқандық сипат беріп, ақылға сыймайтын ұсыныстар жіберіп, заңға қайшы келетін шешім қабылдаған орынсыз деп білеміз. Шектен шығу дұрыс болмас. Мемле­кеттік ономастикалық комиссияның қарауы­на министрлердің, депутаттардың, әкімдер­дің, не болмаса қалталы адамдардың жақын туыстарының атын беру үшін қалыптасқан нормаға, тәртіпке сай келмейтін хаттар, ұсы­ныстар жиілеп кеткенін айтуға тура келеді. Тіпті кейбіреулері талап етушілік түрде жазылады.

Мұндай хаттардың авторларына тарихи-географиялық атаулар өзгеріске жатпайтыны, бұл жалпы қабылданған халықаралық тәр­тіпке негізделгені туралы, мектепке немесе көшеге адам атын беру үшін ол адамның қайтыс болғанына кем дегенде бес жыл мер­зім өту керектігін және басқа да заңнама та­лаптарын түсіндірудеміз. Бірақ хаттар мен шағымдар әлі де баршылық, азайғаны шамалы.

Тағы бір айтатын жағдай: бұл мәселеге де ғылыми көзқарас қажет. Бір-ақ мысал кел­тірейін. Елімізде 80 мыңнан астам өзен бар екен. Яғни, соншалықты атау бар деген сөз. Ал енді географиялық карталарда олардың үш-төрт мыңға жуығын ғана көре аласыз. Сондықтан, топонимикалық атауларды біз тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды бөлігі ретінде ғылыми негізде мұқият зерттеуіміз қажет. Әрбір атау – адам ойы мен сезімінің ескерткіші, халықтың дүниетанымы мен өзіне және қоршаған ортаға деген қарым-қа­тынасын айқындайтын құжат. Бұл ауқымды саланың тілдің дамуына да зор ықпал еткендігі анық. Міне, осының барлығын зерттеу – ономастика ғылымының негізгі мәселесі.

 

– Ерден Задаұлы, сіз осы мәселемен ұзақ жылдар айналысқан ғалым ретінде қазақ тіл білімі мен түркітанудың даму деңгейі туралы не айтар едіңіз? Тіл комитеті жыл сайын түркологияға арналған халықаралық конфе­ренция өткізіп отырады ғой.

 

– Бұл сұраққа түбегейлі жауап беру қиын. Біздің кінәміз емес шығар – бұл бүкіл қазақ тіл білімі мамандарының қасіреті (тек қазақ ғалымдары емес, тіпті түркітілдес елдер көпшілігінің ғалымдарына қатысты), себебі олар қазіргі уақытта бар дүниемен ғана шек­теліп, жұмыс істеуге мәжбүр – біздің әліп­биіміз, біздің грамматикамыз... Өздеріңіз білесіздер, біздің әліпбиіміз орыс әліпбиінің көшірмесі, тек қазақ дыбыстарын білдіретін әріптері қосылған. Егер “байтұрсыновтың” араб графикалық әліпбиінде 28, “төре­құлов­тың” латын әліпбиінде 29 әріп болса, қазіргі әліпбидегі әріп саны біржарым есе артады. Бұл алфавитте қазақ тілінде жоқ және ешқа­шан болмайтын дыбыстар, тіпті қазақ тіліне тән емес дифтонтгоидты әріптер кездесетінін білесіздер. Себебі, осы пайдаланып жүрген әліпбиді құрастыруға біздің бір де бір белгілі тілші-ғалымдарымыз қатыспаған. Бұл Үкімет басшысы болған Сәкен Сей­фуллиннен бас­тап қазақ зиялыларының толық жойылып, мил­лиондаған адам өмірін алып кеткен зұлым ашаршылық салдарынан қарапайым халықтың есін жинай алмай жатқан кезең еді.

 

– Мемлекеттік қызметшілердің тілді білу деңгейін қалай көтермекпіз? Парламент, Үкімет отырыстары көбінесе орыс тілінде жүргізіліп, заңдарымыз да осы тілде қабылданады. Басқаны қайтейік, жоғарғы билік құрылымдарының өзі қазақ тілінен гөрі орыс тіліне бейім.

 

– Аталған мәселені шешу үшін ке­шен­ді шаралар қажет. Ең алдымен, мем­лекеттік тілдің қажеттілігін арттыру қажет, тілді тартымды және беделді ету керек. Біз қанша әдемі сөз айтсақ та, ағылшын тілін білетін маманның жалақысы мемлекеттік тілді білетін маманның жалақысынан көп болып тұрғанда, тілге деген көзқарасты қазіргі орнынан жылжыта алмаймыз. Себебі, мұндай жағдайда ағылшын тілімен бәсекелестікте біздің тіліміз жеңіледі де тұрады.

Қазақстанның әр аза­ма­ты өзінің өмірдегі мұра­тына жету үшін тілді білу керек екеніне, онсыз ман­са­бының өспейтініне, тіл­сіз өз елінің толыққанды азаматы болып санал­май­тынына көзі жеткенде ғана қазақ тілін мемлекеттік тіл деп ауыз толтырып айтуға болады. Бұл заман да алыс емес.

 

– Жалпы өздерін тіл “жанашырымыз” деушілерді қарапайым халық екіге бөледі. Біріншіден – мемлекеттік шенеуніктер “то­бы” – тіл саясатының негізін “қалаушы­лар” және іске асырушылар, ал екіншіден – халық өкілдері, ғалымдар, ақындар, т.б. азаматтар. Бұлардың арасында ауызбіршілік пен сүйіспеншілік бұрын да оншалықты болған емес, қайта бір-бірін сынап-мінеу, “шым­шып” сөйлеу олардың қарым-қатына­сы­ның үрдісіне айналған кездері біздің есімізде.

 

– Жасыратыны жоқ, болғаны рас. Неге өткен шақта деуіңіз әбден орынды. Өйткені, қазіргі уақыттағы жағдай соңғы бірнеше айда әлдеқайда өзгеше болды. Президент Н.Ә.Назарбаевтың “Тілдерді қол­дану мен дамытудың 2001-2010 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдарламаға толықтырулар енгізу туралы” Жарлығы, Елбасымыздың тіл саласындағы шешімін таппай келе жатқан мәселелерді шешудің нақты жолдары мен бағыт-бағдарын ай­қын­дап берген “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде” тақырыбында “Ана тілі” газетіне берген сұхбаты, Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік хатшысы О.Әбдікәрімовтің төрағалық етуімен бар­лық жоғары лауазымды мемлекеттік ше­неуніктер (министрлер, облыс әкімдері мен депутаттар) мен үкіметтік емес ұйым­дар, мемлекеттік емес мекеме басшы­лары­ның қатысуымен өткен “дөңгелек үстел” мәжілісінің хаттамасы, сондай-ақ, Премьер-Министр Д.Ахметовтің тілдерді дамыту мәселесі бойынша арнайы кеңе­сінің хаттамалық шешімі сияқты үлкен құжаттар қабылданып, тілдік құрылыс жүйесіндегі кезек күттірмейтін мәселелер жан-жақты қамтылды.

Қазір сынның, не даурықпа айқайдың уақыты емес, бүгінгі уақыт білекті сыбана кірісер нақты іспен атқарылар нәти­же­лілікті талап етеді. Тіл мәселесін шектен тыс көзсіз саясаттандыру – кешегі күннің ісі. Ал кімде-кім ескі жолдың соқпағымен жүргісі келсе, онда ол, сөз жоқ, Қожанасырдың кебін киеді.

 

– Президент Н.Ә.Назарбаев әлемдегі бәсекеге қабілетті, дамыған 50 елдің қатарына кіру жөнінде алдымызға міндет қойды. Бұл жөнінде тілге қатысты не айтар едіңіз?

 

– Қазақстан Республикасы Парламен­ті Мәжілісі сессиясының үшінші шақы­рылымында Елбасы осы жөнінде айта келе, Қазақстанның болашағы жастардың қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлеп, үш тілді меңгеруінде деп ескерт­кені есімізде. Еуропада мектеп бітірушілер мен студенттер арасында бірнеше тілді меңгеріп, басқа ұлт өкілдерімен ешқандай қиындықсыз қарым-қатынас жасау үрдісі баяғыда-ақ қалыптасқан. Осындай жағдайға біздің де қол жеткізуіміз қажет. Мұндай талап үдесінен шығатын көптеген жастарды да білемін.

Айталық, Давос экономикалық қоғам­дастығы немесе Бүкіләлемдік сауда ұйымы талаптарына сәйкес халықаралық стандарт бойынша мемлекет дамуының негізгі бел­гілерінің бірі – елдегі мемлекеттік тілдің толыққанды қызмет етуін қамтамасыз ету. Мемлекеттік тіл тек қазақ ұлтының ғана тілі деген пікірден арылуымыз керек. Ол барлық Қазақстан азаматтарының ортақ тіліне, қазақтар үшін ана тілі бола тұра, өзге ұлт өкілдерінің екінші ана тіліне айналуы тиіс.

 

– Құптарлықтай бағыт. Болса да, бас­тапқы ойымызды қайталаумен аяқтағымыз келіп отыр. Мемлекеттік тіліміздің мәр­тебесін қалай көтермекпіз? Ең болмағанда оны елімізде орыс тілінің қолданылу деңгейіне жеткізу қажет. Сіз заңнамадағы өзгерістер туралы, оның қажеттілігін қалыптастыру жөнінде айттыңыз. Мұның барлығы жеткілікті деп ойлайсыз ба?

 

– Жоғарыда мен кешенді шаралар туралы сөз қозғадым. Шындыққа сүйен­сек, қазіргі уақытта мемлекеттік тілдің нақты жағдайы, аймақтардан келетін есептік құжаттардың сапалы әрі мазмұнды “көрсеткіштеріне” қарамастан, әзірше айтарлықтай мәз емес.

Тіл – мәдениет жүйесінің бір бөлшегі, этностық стереотиптің негізі, адамның ру­хани, адамгершілік тұрғысынан дамуының басты факторы.

Қазіргі ғылым мен техниканың ша­рық­таған кезінде мемлекеттік тілімізді дамытуға толық мүмкіндіктеріміз бар. Біз ақпарат дәуірінің қарсаңында ең озық ІТ-технологиясындағы бағыттарды игерсек, тілімізді дамытуда кездесетін олқылық­тар­дың орнын толтыруымызға болар еді. Бұл – Малайзияның тәжірибесі. Осыдан он­шақ­ты жыл ғана бұрын малай тілі тура қазіргі қазақ тілінің күйін кешті. Мемле­кеттік тілді Интернет жүйесіне енгізіп, компьютерлік бағдарламалар арқылы аз уақыт ішінде оны дамыту жұмыстарын жүзеге асырды. Сол сияқты біз де Ақпа­раттандыру және байланыс агенттігімен бірлесе отырып, мемлекеттік тілді ком­пью­терлендірудің арнайы бағдарламасын әзірлеудеміз. Алдағы уақытта бұл жұ­мыс­тар оң нәтижесін береді деген сенімдеміз.

 

– Рахмет. Игі істеріңізге табыс тілейміз.

 

 

Әңгімелескен Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ.



Центральный офис (г. Астана)
8(7172) 787 091;
8(7172) 787 092.

Филиал (г. Алматы)
8(7272) 278 10 93;
8(7272) 278 10 94;
8(7272) 279 98 69.



Developed by iNiT | Powered by ColoriT