Заман өзгерді, жамиғат жаңарды деп жатамыз.
Ал, расында заман өзгермейді, өзгеретін - өзіміз. «Адамдардың жоғалды сан
жасағы, мына дала, мына өлке жап-жас әлі» - демеп пе еді Мұқағали. Кезінде
күтіп-ақ киген күпімізді «дубленкаға» ауыстырып берген кім екенін ойлап
көрдіңіз бе? Бүгінгінің ботатірсек бозбалалары таңбасы жоқ, ені жоқ Бурылтайды
емес, марғасқа «Мерседесті» ауыздықтағанды жөн көретіні неліктен?
Иә,
өзгерген заман емес, сол заманның амалы. Нақтырақ айтсақ, өндіріс тәсілі. Күні
кешегі жиырмасыншы ғасырда бесжылдықтың балғасын солқылдата соғып, өнеркәсіп,
индустрия деп ұрандасақ, қазір міне ақсаусақ ақпараттық экономиканың
табалдырығында тұрмыз. Табалдырығында деуімнің сыры бар. Елімізде қой үстіне
бозторғай жұмыртқалаған «ақпараттық қоғам» құруға қажетті алғышарттың бәрі
жасалған: заң да, низам да, тұжырымдама да қабылданған, арнайы мемлекеттік
мекеме-Ақпараттандыру агенттігі құрылған, Алматы мен Өскемендегі, Оралдағы
ақпараттық технологиялар парктерінің іргетасы қаланған. Компьютер дегеніңіз
бүгінде қияндағы Қошалаққа да жеткен.
Сөйтсе де жалпы ішкі өніміміздің 40 пайыздан астамын көмірсутегі шикізаты беріп
отыр. Қаншалық құнды болса да, қазба байлықтың түптің түбінде тү¬ге¬сілетін
кемшілігі бар. Ал, ақпарат дегеніңіз ақыл-ой мен білімге арқа сүйейтіндіктен
«таусылмайтын кен, ортаймайтын көл» болып тұр. Алпауыт Билл Гейтстің
«Майкрософты» ақпараттық бағдарламаларын саудалап, ұшан-теңіз табыс тауып жатқанын
аңыз ғып айтамыз. Ал, сол «сауын сиырға» айналған бағдарламаларды жасауға
кеткен шығын қағаз бен қаламның құнынан аспайтынын білемісіз?
Ресей мен Украина сияқты ТМД тарландарынан еуростандарттарға ертерек иек
артуымен ерекшеленетін Қазақстан ақпарат саласында да алға ұмтылып отыр. Жуырда
Астанада өткен софтверлік компаниялардың алғашқы съезінде Елбасыға Үндеу
жолданып, ұлттық бағдарламалық өнімдерімізге қолдау көрсету керектігі атап
өтілді. Себебі, елімізде компьютер саудалаушы фирмалар көп болғанымен, зияткерлік
өнім шығаратындар саусақпен санарлық.
Осы ретте ойыма өз басымнан өткен бір оқиға оралады. Елімізге белгілі бір қалам
қайраткері кезекті шетелдік сапарынан келіп, жолжазбасын екі-үш күнде
жеделдетіп аударып беруді өтінбей ме. Содан қаламгеріміз уағдалы мерзімде
қоңырау шалғанда ғана ұмыт болған уәдем есіме түсті. Жазған құлда жазық жоқ,
«Сәке, екі-үш сағат мұрсат беріңіз, мұртын басайын» деп, бір жарым сағатта
тәмамдадым ғой. Өйткені, газет тірлігін білеміз, тосып тұрмайды. Интернет
арқылы тәржіманы алған қаламгерім «қалай тез аудардың, электрондық тілмәшті
қолдандың ба?»-деді.
Қазір сол қаламгерге осы жолдар арқылы жауап қатудың сәті түсіп тұр. Америка
мен Ресейдегі ақпарат алпауыттары орысша-ағылшынша, ағылшынша-орысша
электрондық сөздіктер, жолма-жол аударма құ¬ралдарын түзіп, базарға шығарғанына
біраз болды. Бірақ, олардың бір кемшілігі -ауылдан келіп, орысша тіл сындырған
өзіміз сияқты белден басып, «падеж», «род», «окончание» сияқтыларды аттап
өтеді. Қазақстанда зияткерлік өнімдер жасаумен белгілі ғалым, математик Еркін
Сүлейменов айналысып жүргенін, бүгінде кеңінен танымал «Сөз¬көмек», «Сөзана»
электрондық бағдарламалары ғалымның төл туындылары екенін айтуымыз керек.
«Сөзкөмекті» саудалайтын компаниялардың толымды табыс тауып отырғаны еліміздегі
ақпараттық экономиканың құтты қадамына куә болса керек.
Ал өзіңізге қалам қайраткерінің жолжазбасын техниканың жәрдемінсіз аударғанымды
жеткізбекпін, құрметті оқырман. Өйткені, шығармашылық қабілетке ие компьютерлік
бағдарлама біздің елімізде әлі дүниеге келе қойған жоқ.
Ақпаратшы ағайындардың құлағына алтын сырға!
Центральный офис (г. Астана)
8(7172) 787 091;
8(7172) 787 092.
Филиал (г. Алматы)
8(7272) 278 10 93;
8(7272) 278 10 94;
8(7272) 279 98 69.