Мәтін арқылы тіл үйрену


Тілді оқып-үйрену – күрделі де көп қырлы процесс, бұл істе табысқа жету көптеген жағдаяттарға байланысты. Мәселен, орыс тілін оқып-үйренуді алайық. (Біздің компьютерлік жүйеміз негізгі тілі орыс тілі болып табылатын кісілерге есептелген). «Негізгі» тіл деп біз «шын мәніндегі» ана тілі болып есептелетін тілді түсінеміз, өйткені  қазақтардың бірқатар бөлігі үшін орыс тілі негізгі тіл де, ал қазақ тілі «қағаз жүзінде» ғана ана тілі болып табылады.


Тағы да орыс тіліне оралайық. Балғын шағыңыздан бастап сіз орыс сөзін естіп, сол тілде сөйлесіп жүрсеңіз де классикалық әдебиетті, беллетристиканы, ғылыми кітаптарды оқымаған болсаңыз сіздің біліміңіз бен тілдік қорыңыз Ильф пен Петровтың атақты кейіпкері «кісі жегіш Эллочканың» сөздік қоры деңгейінде қалар еді. Екінші жағынан, тілді оқып-үйрену бесіктен белі шықпаған сәби үшін өмірлік ортада жүзеге асады, және, қазір ғалымдар көсемшелер мен есімшелер, жалғаулар мен сөз таптары сияқты лингвистикалық ұсақ-түйектерге толы мектептегі оқыту әдістемесінің тиімділігі аз екенін  дәлелдеп отыр. Нақты өмірлік, тілдік  орта мен әдебиетті, әддеби мәтіндерді оқудың тоғысуы тілді үйренудегі басты құрамдас бөліктер болып табылады.Бүгінде әдебиет ретінде көркем кітаптарды ғана емес, сондай-ақ кинода, тедедидарда, радиода естілетін, БАҚ-та, Интернетте басылатын сөзді де түсінуге болады.


Енді екінші бір тілді оқып-үйрену жөніндегі мысалға жүгінелік, біздің еліміз үшін көп жағдайда бұл ағылшын тілі болып отыр. Жоғары оқу және арнаулы орта оқу орындарында оқытылатын бұл тілді көзі қарақты жұрттың көпшілігі оны бесінші сыныптан, кейбіреулер екінші сыныптан-ақ үйрене бастаса, заман талабына сай қазір балалар бақшасында да үйретіледі. Оған қоса мыңдаған оқулықтар, оқу құралдары, лингафон курстары, сөздіктер, тілашарлар мен әдістемелер, 25-ші кадр сияқты құралдар бар. Ал, нәтижесі қандай? Біздің арамызда ағылшын тілін жетік білетіндер соншалықты көп пе?


Тілді жетік оқып-үйренудің құпиясы неде? Бұл сұраққа жауап іздеу үшін осы салада табысқа жеткен кісілердің – жеті жұрттың тілін білетін полиглоттардың тәжірибесіне үңілейік. Бұлар бірнеше ондаған тілді өз беттерімен, тілдік ортадан жырақта жүріп-ақ   жетік меңгерген. Мұның жалғыз жолы бар - ол әдебиетті оқу. Бұл орайда алғаш кіріскен сәттері бірнеше бетті бастан–аяқ ұғыну, тіпті жаттап алу да қажет болады. Себебі  мәтіннің бір бетінде тілдің бүкіл грамматикасы шоғырлануы мүмкін, ал екі-үш бетте алғашқы кезде ұғынысуға жеткілікті сөздік қордың болуы ықтимал. Сөйтіп, көптомдық лингвистикалық туындыны ақтарып шығудың қажеті болмайды.  Бұл жердегі ең басты құралдар-сөздік пен грамматикалық анықтамалық. Сондай-ақ мәтіннің аудиожазбасы да көп көмектеседі.


Бұл әдістегі жалғыз-ақ кедергі бар – ол сөздік пен анықтамалықтарды жиі қолдану.  Кім кезінде бүйірі шығыңқы «Ожеговты» болмаса көне «Мюллерді», басқа да кітаптарды  жастанып, «сөздікпен оқып, аударуға» ұмтылмады дейсіз?


Алайда, бұл әдістің басты артықшылығы-мәтінге бойлау мен ынта-ықыласта жатыр. Әдеби мәтінді оқу шығарма әлеміне сүңгуге, кейіпкерлермен бірге ойланып-толғануғеа,  оларға ұқсап қайғырып-қуануға мәжбүр етеді, сонда ғана жаңа тіл, жаңа сөздер сіздің санаңызда және көкейіңізде шығармадағы немесе хикаядағы көңіл-күй, оқиға, сюжет желілері арқылы орнығып қалады.


Ынта-ықыласқа келетін болсақ, бұл жерде ол бедеерлене көрініп тұр – кез-келген шығармада шым-шытырық, құйтырқы сюжеттер болады, қиын түйінің шешілуі де қызық-мұның өзі оқырманды кітапты бастан-аяқ оқып шығуға итермелейді.


Ұсынылып отырған «Сөзана» бағдарламасы сізге мәтінді әрбір сөз бен сөз тіркесінің   қазақша-орысша  баламасы мен мәтіннің алынып отырған бөлігіне қатысты грамматикалық деректерді пайдалана отырып оқып, үйренуге мүмкіндік береді.


Жүйе еркін таңдалған, сондай-ақ арнайы әзірленген мәтіндермен жұмыс істеуге арналған, мұның соңғысында барлық қажетті лингвистикалық ақпарат жинақталған. Яғни, қазақ мәтінін бірінші рет оқып отырған кісінің өзі-ақ әрбір сөздің тәржімасын және тиісті грамматикалық материалды ала отырып, сөйлемді толық ұғына алады. Бұл орайда аталған мәтіннің дайын бөлігін жүйе арқылы шақыру жәрдемдеседі. Сөйтіп, тілді жедел үйренуде қолданылатын «екі тілдегі мәтіндерді қатарластыра оқу» әдістемесін сөздіктік-анықтамалық  қосарлаумен қатар пайдаланамыз.


Өзге ұлт өкілдері ұғынғысы келетін  қазақша әзіл-оспақ, әсем ән, соңғы жаңалықтар мен кинофильмдерді біздің жүйе арқылы тілді оқып-үйренудің бастапқы берік негізі етуге болады, ал қазақ классиктерінің әңгімелерін, хикаяларын, ірі туындыларын ұдайы оқып отыру сізге біліміңізді жетілдіруге, сөздік қорыңызды толықтыруға, інжу-маржан ана тіліміздің барлық иірімдеріне үңілуге мүмкіндік береді.

 

 

Совет Дүйсебаев,

тіл маманы

«Экономика» газеті, №27 (43), Шілденің 11-і, 2008жыл



Центральный офис (г. Астана)
8(7172) 787 091;
8(7172) 787 092.

Филиал (г. Алматы)
8(7272) 278 10 93;
8(7272) 278 10 94;
8(7272) 279 98 69.



Developed by iNiT | Powered by ColoriT